Меню KDT
Для того чтобы сменить домен на .edu.kz прежде необходимо заполнить заявку на сайте otanbilim.kz/requestsedu
Уважаемые школы!!! мы набираем группы для бесплатного обучения по теме "Возможности вашего сайта". Заявки принимаются через службу технической поддержки (тикет)

Астана қаласы әкімдігінің " 71 мектеп-лицей" коммуналдық мемлекеттік мекемесі  сайтына қош келдіңіздер!

Жалайыр

    Ерге қанат боларлық, Көктөбені табарлық ғажайып тұлпар туралы ойлап көрелік. Қара қасқа ат Қамбарда бар, Байшұбар Алпамыста, Рахыш Рүстемде, Герат Көрғұлыда, Тайбурыл Қобыландыда, Бақа айғыр Айбаста бар, тағысын-тағылар.
   Ерлер мінген тұлпарларды еске алып отырғандағы мақсатымыз жер мен көктің арасын қосқан, алысты жақындатқан солар еді ғой. Жылқының өзі жыл басы болу керек емес пе. Жылқының жыл басы болғанына дәлел де бар. Үркерді жылқы тұяғымен басып тұрған заман болғаны жоғарыда айтылды. Оған қараған да жыл басы болғаны айқын.
     Олай болғанда жыл басы Тышқан қалай болғаны? Бұл арасында мынадай мағына бар. Тышқаннан санағанда Жылқы жылы 7-жыл. Демек, 12 жылды айнала тізгенде Тышқан мен Жылқы біріне бірі қарама-қарсы келеді. Екеуінің дәрежесі бірдей. Біреуі жазғытұрғы теңгеріске келсе, екіншісі күзгі теңгеріске келеді. Бұл екеуі де кезек алынатын тең дәрежелі наурыз екені мәлім. Сол себептен жылдың басын бастаған, аңдарды реттеген Қамбар (Жылқы атасы) болғанда, екінші жыл басы Тышқан болып шықпақ. Жыл басы Қамбар деген түсінікті толықтыратын тағы жайт бар.
     Халық шежіресінде Жалайыр-Қамбар  бірге туған аталар болып есептеледі. Олай болса осы Жалайыр атына да бір соғып өтелік. Жалайыр құсбегі, ол да тамаша аңшы деседі.
«Көкте тұрса қанатым талады,
Жерге түссем Жалайыр Шора алады»,
деп құстар арыз қылады дейді. Құс аспанның жұлдызы мағынасында айтылатыны мәлім. «Құсшы» деген сөздің өзі жұлдызшы есепші – астроном мағынасында айтылады. Мысалы, Рум патшалары «Құсшы» (Авгуршы) дейді екен құстың ұшуы бойынша бал ашатындарды. Август айының аты соған байланысты алынған. Жыл құсы «жылқышы торғай» деген сөздерді де еске ала кетелік. «Жалайыр» атының қойылуы жөнінде тағы бір еске аларлық аңыз бар. Ол батыр бір ерегісте аттың жалын айырып жіберген екен, сол себепті ол «Жалайыр» аталыпты деседі.
   Күн мен түннің теңгерілгенін, жаңа жыл басының басталуын (наурызды) көрсеткенде мүйізді малдардың шекесін қақ бөліп, екі мүйізін екі жаққа айырып көрсетеді. Мысалы қошқардың, өгіздің мүйіздерін солай айырады. Бұл әдіс астрономия тарихында белгілі нәрсе. Ал жылқыға келгенде, оның мүйізі жоқ, бірақ күлтелі әсем жалы бар. Жылқы жыл басы болғанда сол жалын айырып көрсету керек. Ендеше Жалайыр батыр соны істеген.
    Үй хайуандарын алғашқы қолға үйретуші халықтың бірі түркі халықтары болған. Жануарлар атын жұлдызбен байланыстырудың да осы елден тарауы сол бір арғы кездегі тарихи зор оқиғамен байланысты деп білуге болады. Демек жыл айыру, мүшел қайыру мәселесінде халықтың көне мәдениетінің бейнесі жатыр.
-           Жылдың басы басталмай тұрғанда не болған? Бұл мәселе дүниенің қозғалыс басы қалай басталған деген сөзге келеді. Ол жөнінде мынадай түсінік бар. Әуел баста Күн, Ай, барлық планеталар (сайарлар) бәрі бір ғана орында бір белбеу жұлдыздың дәресінде тұтас болған. Басқы қалпы деп соны айтады. Құдіреті күшті Алланың әмірімен олар қозғалысқа ұшырады. Сонан бері қарай қозғалуда, мұнан әрі қарай да қозғала бермек. Осы қозғалыстың ақырында бір мезгілде олар тағы қайталап өздерінің бастапқы қалпына келеді, сондағы белдеу жұлдыздың дәресінде бәрі ұшырасады. Сол ұшырасуда қиямет қайым ақыр заман болады, қайта тірілу болады. Ғалымдар сол бас қалпын іздеуде, арабша айтсақ, кальпа іздеуде.
    Кейбір ғалымдардың айтуынша Нұхтың топан суы кезінде жұлдыздардың (планеталардың) көпшілігі «Балық» жұлдызы дәресінде кездескен. Жануарлардың көпшілігі суға кетіп құрыған. Тек сыртта қалған аз жұлдыздың санындай ғана жануар тірі қалған деседі. Осымен байланысты жыл санаудың басын сол қалыптан бастауға тырысады. Топанның аяқталуынан бастау керек деп есептейді. Балық 12 белдеу (зодиак) жұлдызының ең ақырғысы. Біздің жыл қайырудың оған дәл келетін жылы Доңыз. Олай болса жаңа мүшел басы сонан кейін басталу керек. Екінші кальпа осы деп біледі.
 
... Наурыздама жасап, тойлатып жатқан ел. Қарттар өз алды, жастары өз алдына, әйелдері тағы бір бөлек, лек-лек болып реттеліп жиналған халық. Үлкен адамдардың наурызда бас қосатын бірнеше белгілі орындары бар. Оның бірі медресі хожасы Фараби ғұламаның үйі. Ол кісі осындай мейрам күндерінде елдің басын қосып дәм татырады, тілек бата істейді.
-           Күндерде бір күн, - деп бастады Абу Мәлік ғұлама өзінің әңгімесін, - мархаматты халифа Әмрәл-мукминин әл-Мамун наурыз туралы сұраған екен, Али ибн Муса ар-Рид хазіретінен. Ол кісі айтыпты: «Бұл күнді періштелер құрметтейді, өйткені олар осы күні жаралған; бұл күнді пайғамбарлар құрметтейді, өйткені Күн осында жаралған; бұл күнді патшалар сыйлайды, өйткені уақыттың бірінші күні осы».
 

 

 

Ақжан Машанов «Әл-Фараби» тарихи-деректі кітап, «Жазушы» баспасы, 1970